АПТА МАҚАЛАСЫ

Өткен күннiң сабақтары

Ол мектеп бiтiрдi. Жұрт қатарлы оқуға түспеген соң, үйленiп, жанұя құрды. Оның жарытқан бiр кәсiбi болмаса да өте еңбекқор болды. Қолына түскен жұмысты iстей бердi. Солай жанұясы мен анасын асырады. Бiр күнi қарт орыспен достасып алды. Қарт кiсi өз баласындай көрiп бiлгендерiн үйреттi. Ол әкесiнен жастай айрылғандықтан, орыс шалға бауыр басып қалды. Шал болса көп өнерлермен бiрге түстi металлдарды дәнекерлеудi жақсылап үйретiп, дүниеден өте бердi. Бұл өнердi үйренiп жұрт аузына iлiндi. Не керек, "темiрдiң атасы" атанып, ауыл арасында аты шыға бастады. Бiрақ, ол кәсiбiн тиiмдi пайдалана алмады. Iшкiлiкке салынып кеттi. Бала-шағасы мен әйелiне, анасына қарауға мұршасы болмады. Анасының "iшкiлiгiңдi қой" дегенiн тыңдамады. Сөйтiп жүргенде көзi ауырып, солқылдататынды шығарды. Жанашырлардың "дәрiгерге көрiнсей" дегенiне құлақ аспады. Жазылып кетер деп жүре бердi. Iшкiлiктi де тастамады. Күнде сол сырахананың алдынан шықпайтын болды. Бiр күнi екi көзден айрылды. Көз алды қара түнек болды. Дәрiгерлер еш нәрсе iстей алмады. Сонда ғана өзiнiң "Қырықта қамал бұзар" жасқа келгенiн, бес бала-шаға, жалғыз немересi бар екенiн аңғарды. Өмiрдiң қалай тез өткенiн, бұндай халге түскенiне кiмдi кiнәләрiн бiлмедi. Бiрақ... Мұның бәрi өз кiнәсi екенiн түсiнбедi. Iшкiлiктi тастаған күнi, күнi бойы төсек тартып жатады.
Қараңғы түнек iшiнде жападан-жалғыз жүр екен. Бiр кезде күн сәулесi жерге түсiп, таң бозарып атып келедi. Дәл осы сәттi, табиғаттың мұндай кереметiн бұрын неге көрмегенiне өкiндi. Күйбең тiршiлiк деп жүрiп, одан iшкiлiкке салынып өткен өмiрiнде, мұндай дүниенiң керемет сәттерiн көрмек түгiлi, елестетпедi де.
Мiне, күн де ұясынан баяу шығып келедi. Аспанда бiр шөкiм бұлт жоқ. Құстардың сайраған даусы шығады.
Ендi мiне, осы жарықты көретiн де күн бар екен-ау, деп ойлағаны сол едi, үш жасар немересiнiң жылаған даусы ұйқысын бұзып жiбердi. Жарық дүниенi көремiн бе деген үмiтi де үзiлдi. Керемет түсiн бұзғаны үшiн немересiне қатты ренжiдi. "О, Құдай, ең болмаса түсiмде де жарық дүниенi көрудi бұйыртпадың ба?"-деп, қапаланып, көзiн қайта жұмды.
Бiрақ, жаңағы түстi қайта көре алмады, ұйқысы да келмедi. Жарық дүниенi көре алмай жүргенiне тек өзi ғана кiнәлi екенiн ендi түсiндi. Бiрақ, бәрi кеш болатын.

Ақмаржан Мырзахмет.